СЕНАТТА ҒЫЛЫМҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНДЫ

Қазақстандағы инженерлік қызметтің болашақ дамуы туралы
1 марта, 2024
Теория мен практика арасындағы көпір: ҚазҰУ студенттері ҚР Ұлттық инженерлік академиясында өндірістік практикада
24 апреля, 2024
Қазақстандағы инженерлік қызметтің болашақ дамуы туралы
1 марта, 2024
Теория мен практика арасындағы көпір: ҚазҰУ студенттері ҚР Ұлттық инженерлік академиясында өндірістік практикада
24 апреля, 2024

СЕНАТТА ҒЫЛЫМҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНДЫ

18 сәуір — бүгін Парламент Сенатының отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы бойынша әрі Заң бастамашыларының бірі ретінде қолдау сөз сөйледім.

Заң еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Отандық ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында Парламент депутаттарының, оның ішінде Сенаттың (А.Нухұлы, А.Толамисов) және Мәжіліс (А.Аймағамбетов) депутаттарының бастамасымен әзірленді.

Бұл Заңның жобасымен 2021 жылдан бастап айналысқан болатынбыз.

Сол кездегі Сенат депутаттары (Б.Жұмағұлов — жұмыс тобының жетекшісі, А.Әлназарова, М.Бақтиярұлы, Ә.Құртаев, Е.Мамытбеков, Д.Нөкетаева, А.Нухұлы, жалпы саны 30-ға жуық жұмыс тобының жиналысын Еліміздің Жоғары оқу орындары және Ғылыми-зерттеу институттарының басшылары және ғалымдарымен қызу талқылаулар өткен болатын)  мен Мәжіліс депутаттарының (Д.Нұрманбетова, М.Елюбаев) атқарған еңбектерін атап айтып, сіңірген еңбектеріне ризашылығымызды білдіруіміз керек.

ҚР Парламентінің Регламентіне сәйкес Сенатта дайындалған Заң алдымен Мәжілісте қаралды. Мәжілісте Заңға 34 өзгерістермен толықтырулар енгізілді. Ал, бүгін Заң Сенаттың отырысында талқыланып бір ауыздан мақұлданды.

Заң ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қолдауды жақсартуды және ғылымның ұлттық экономикадағы, сондай-ақ жалпы өңірлік өнімде ғылымның үлесін ұлғайтуды көздейді. Бұрын ғалымдардың ғылыми дәрежесіне (доктор, кандидат, РhD) ғана үстемақы беріліп  келсе, енді ғылыми атақтарына да (профессор, доцент, қауымдастырылған профессор) қосымша үстемақы беріледі. 2023 жылғы сәуірдегі № 8 Республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен аталған шараға республикалық бюджеттен қажетті қаражат қарастырылып, мақұлданған.

Жалпы, бұл Заң, еліміздегі 22,5 мыңдай ғалымға оң әсерін тигізеді. Бүгінде Отандық ғылымды дамытуға Мемлекет басшысының тапсырмасымен үш жыл мерзімге 625 миллиард теңге бөлініп отыр. Осы орайда Заңмен, қаражатты пайдалануды оңтайландыруға және тиімділігін арттыруға бағытталған жаңашылдықтар енгізіледі.

Сондай-ақ, Заңмен ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар Отандық ғылымның бүгінгі уақыт талабына сай болуына, ғылыми зерттеулер деңгейін және олардың тиімділігін арттыруға оң ықпал етеді.

Ең бастысы — ғылым мен ғалымның мәртебесін арттырады, бұл өз кезегінде салаға инвестиция тартуға және кадрлардың келуіне оң серпін береді. Мемлекет басшысының ғылыми прогресс пен инновациялық даму үрдісіне көшу туралы тапсырмаларын жүзеге асыруға қажетті заңнамалық базамен қамтамасыз етеді.

Заңның бастамашыларының бірі ретінде әріптестеріме қолдау көрсеткендері үшін ризашылығымды білдіремін.

Заңның маңыздылығына тоқталған Сенат спикері Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Заңға бастамашы болған депутаттарға ризашылығын білдірді.

P.S. Сонымен қатар, бұл Заңды Мәжілістің бірнеше Комитеттерінде баяндама жасап, талқылаулар өткіздік. Қойылған сауалдарға Ғылым және жоғары білім Вице-Министрі Дархан Ахмет-Закимен жауап берген болатынбыз. Кейбір Комитетте осы Заңмен бірге  «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң туралы Ғылым және жоғары білім Вице-Министрі Дархан Ахмет-Заки баяндама жасады.

Кеше Мәжілісте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасы мақұлданды. Келесі аптада Сенатта қарастыру басталады.

Әлеуметтік мәдени даму және ғылым Комитеті аппаратының қызметкерлеріне, Заң қабылдануына атсалысқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін.