Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлының құттықтау сөзі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі

Түркі әлемі математикалық қоғамы басқармасының көшпелі отырысы
14 мая, 2024
Самарқандтағы Түркі әлемі математиктерінің ғылыми форумы
17 мая, 2024
Түркі әлемі математикалық қоғамы басқармасының көшпелі отырысы
14 мая, 2024
Самарқандтағы Түркі әлемі математиктерінің ғылыми форумы
17 мая, 2024

Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлының құттықтау сөзі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі

Бүгін 2024 жылдың 16 мамыр күні Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының белгілі геологы, экономист, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрысов Қаратай Тұрысовтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Геологиялық саланың даму мәселелері мен болашағы: Білім-ғылым-өндіріс» атты дөңгелек үстел өтті. Ізгілікті іс шара қарсаңында дәріс залына Қаратай Тұрысұлы Тұрысов есімі берілді.

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы өзінің құттықтау және естелік сөзінде Қаратай Тұрысұлының Қазақстанның инженерлік ғылымының және өндірісінің дамуына қосқан үлесі өлшеусіз, сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін негіздеп, айқын деректерден үзінді келтірді.

Естелік сөзінен үзінді: «Академик Қаратай Тұрысұлы Тұрысов — Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын нығайтып, егемен елдің билік институттарын қалыптастыруға, Қазақстан парламентаризмінің негізін қалауға, кәсіподақ қозғалысын дамытуға елеулі үлес қосып, жоғары деңгейдегі бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарған көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері.

Орталық Қазақстанның кенді аймақтарының геологиялық картасын жасау ісіне өз үлесін қосып, Көктасжал кен орнын алғашқылардың бірі болып ашты.Сонымен қатар Қаражол, Қарағайлы, Жәйрем, Бетпақдаланың тау-тасын кезіп, жаңа кен орындарын іздеді. Бұл еңбегі үшін «Қазақстанның құрметті кен барлаушысы» атағы берілді.

Геофизикалық экспедицияның партиясын басқарып, ұжыммен тіл табысып, басқарушылық қабілетінің зор екенін көрсетті.

Тау-кен өндірісінде боксит қорының жаңа көздерін ашып, қоңыр көмірдің негізінде электр станцияларын салып, темір кендерін игеру үшін Есілде металлургия зауытын тұрғызу сияқты алып жұмыстардың ұйытқысы болып Қаратай Тұрысов жүрді. Бұл жастайынан бойына сіңірген «алдымен Адам бол, сосын еліңнің мүддесін ойла» дейтін әке аманатына адалдығы еді.

1990 жылы академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековпен бірге Ұлттық Инженерлік академияның құрылуына айрықша үлесін қоса білді. Осы академияда 1993 жылы докторлығын қорғап, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының академигі атанды. Онан соң Мәскеу қаласына барып Халықаралық инженерлік академияның академигі болды.

Асқар Құлыбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Ғинаят Бекжанов, Айтжан Абдуллин, Ұзақбай Қараманов Шәміл Бекболатов, Сауық Тәкежанов, Надир Надиров, Шалтай Смағұлов, Нарғозы Данаев және т.б. ірі-ірі академиктердің қатысуымен өтетін небір жиындарда Қаратай Тұрысұлының сөзіне осы аталған академиктердің барлығы да дерлік тоқтайтын. Сонда бізге Қарекең Қазақстанның өндірісі инженерлік мамандығын оң жолға қоймай дамымайды дегенді шегелеп кеткен еді.

Қаратай аға өмірден озғаннан кейін, академияның ең белгілі ғалым-инженерлері, барлығы 300 ғылым докторлары жиналып, ақылдаса келе ғылыми-техникалық және қоғамдық жұмыстардағы үздік жетістіктерді ынталандыру және марапаттау мақсатында ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Қаратай Тұрысов атындағы медаль дайындалды. 2016 жылы ең бірінші медальді осы кісінің өз шәкірттерінің бірі – Өжкенов Болат Сұлтанұлына Қаратай ағаның жары Әскергүл жеңгей өзі қолымен табыстаған еді.

Қаратай Тұрысов өзінің мамандығының кәсіби біліктілігі жоғары, сұранысқа ие кадр болғанына қарамастан, бірқатар мемлекеттің партиялық жауапты қызметтерді атқарып, мемлекет ісіне араласты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болған Қаратай Тұрысов заң шығару ісінде де өз қолтаңбасын қалдырды.

Парламенттің бірлескен отырысында Қаратай Тұрысұлы Тұрысов ауылдағы балалардың сапасыз суды тұтынуы және түрлі аурулардың су тапшылығынан туындайтындығы сияқты күрделі мәселені көтеріп, «Таза ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл да тұлғаның азаматтығының белгісі, бүкіл ел үшін маңызы бар мәселелерді көтере білген қоғам қайраткері екенін көрсетеді.

Партиялық басқару қызметіне кіріскен соң, Қарекең аудан тұрғындарының проблемаларын зерттеді. Ең бастысы – адам факторы мен оның әлеуметтік жағдайы. Біз не жасасақ та, тек адамдарға жақсы болуын ойлап жасауымыз керек деген қағидат оның өмірлік кредосы еді.

Қаратай Тұрысұлы БҰҰ мінберінде Төлеген Тәжібаевтан кейін сөйлеген екінші қазақ еді. Қазақстан Республикасының дамуы мен елге сіңірген еселі еңбегі үшін оннан астам медальдармен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Барыс» орденімен марапатталған.

Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Кәкімбек Салықов, Фариза Оңғарсынова, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Абдрахманов сияқты еліміздің біртуар тұлғалары Қаратай Тұрысовтың қызметіне жоғары баға берген болатын.

Қорыта айтқанда, қазақ даласының шынайы патриоты бола білген көрнекті тұлғаның еңбексүйгіштік қасиеті бүгінгі жас-ұрпақ үшін жарқын үлгі-өнеге! Осындай ғалымды құрметтеп жүрген Қ.И. Сәтбаев университетінің ұжымына алғыс білдіремін.

Сөзімнің соңында, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Қаратай Тұрысов атындағы медальды Жүнісов Ақылбек Асырарқұлұлына табыстауға рұқсат етіңіздер!

2024 жылдың 8 қаңтарында №165 Төралқа қаулысымен Жүнісов Ақылбек Асырарқұлұлы геология саласына жоғары білікті мамандар дайындау және ғылыми жетістіктері үшін академик Қ. Тұрысов атындағы медалімен марапатталады.

Бүгінгі ізгілікті іс шара баршамызға құтты болсын!!! Осындай білім ордасынан тек білікті, адал, еңбексүйгіш азаматтар шығуына тілектеспін!!!

Назарларыңызға рахмет!!!»