Жақсының аты өлмейді

Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясы Төралқасының отырысы өтті
22 июня, 2024
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде студенттер кеші өтті
18 ноября, 2024
Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясы Төралқасының отырысы өтті
22 июня, 2024
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде студенттер кеші өтті
18 ноября, 2024

Темірхан Досмұхамбетов кең пейілді, досқа адал, көпке қамқор, елге сыйлы азамат еді. Ол кісі қарапайым спортшыдан, қатардағы бапкерден Алланың қалауымен министр, Астана әкімі, Парламент депутаты, Президенттің іс басқармасының басшысы қызметіне дейін көтерілді.

Бапкерлігінің өзі бір кітапқа жүк. Шәкірттері – самбодан ССРО және Еуропа чемпионы, Әлем кубогының жеңімпазы Айтжан Шаңғараев, ССРО чемпионатының жүлдегері, жастар арасындағы әлем чемпионы Мәден Қалиеков, дзюдодан ССРО чемпионатының күміс медалисі Бостан Жаңбырбаев, ССРО чемпионатының жүлдегері Қайрат Шаңғараев, т.б. балуандар кезінде Қазақ елінің мақтанышына айналды.

Темірхан Мыңайдарұлы қарадомалақ бала кездерінде соңынан ерген шәкірттерін ат жалын тартып, азамат болған тұста да қасынан тастаған жоқ. Оқуға түсулеріне көмектесті, лауазымды қызметтерге тағайындады. Қысқасы, шәкірттеріне ұстаз ғана болып қоймай, туған әкелеріндей қамқорлық жасады.

Темірхан Досмұхамбетов Совет одағындағы айтулы жаттықтырушылардың бірі ретінде «ССРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына қол жеткізді. Бұған қоса «Бүкілодақтық дәрежедегі төреші» мәртебесіне ие болды.

Алла Тағала дарынды ғып жаратқан адам қай салаға барса да іскерлігімен, нәтижелі еңбегімен жарқырап шығады емес пе. Жасы 60-тан асқанда ауыл шаруашылығына ден қойып, «Байсерке-Агро» холдингін құрған Досмұхамбетов қамшының сабындай қысқа мерзімде бұл шаруашылықты Қазақстан көлемінде ғана емес, бұрынғы ССРО-ға қараған елдер арасындағы ең озық ұжымның біріне айналдырды. Істің тетігін тауып, бұйдасын ғылымға байлаған Темкеңнің шаруашылығы жүгері мен соядан адамның түсіне кірмеген рекордтық өнім алды. Ет пен сүт өндіруден де Қазақ еліндегі ең маңдайалды ұжымға айналды. Президент Н. Назарбаев протокол бойынша аз ғана уақытқа ат басын тіремек болған ғой. Мұндағы ғылыми ізденісті, жүйелі жұмысты, рекордтық өнімдерді көрген соң бірнеше сағатқа аялдады. Аялдап қана қоймай, Досмұхамбетов шаруашылығының тәжірибесін бүкіл республикаға таратуға пәрмен берді. Содан облыстардан әкім қаралар мен бизнесмендер «Байсерке-Агроға» қарай ағыла бастады.

Қайран ағамыз 2021 жылы қараша айында 72 жасында жалған дүниемен қош айтысты. Ал кеше достарының ұйымдастыруымен Темірхан Досмұхамбетовтің туғанына 75 жыл толуына орай Алматыда «Ғылым, өндіріс, бизнес: «Байсерке-Агро» Агрохолдингі үлгісіндегі аграрлық сектордың қазіргі жағдайы және инновациялық даму жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияда Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Жұмағұлов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің директорлар кеңесінің төрағасы, профессор Жақсыбек Құлекеев Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, академик Рахман Алшанов, ҚР ҰҒА академигі Абай Сағитов, Т. Досмұхамбетовтің ұлы Шыңғыс Темірханұлы баяндама жасады.

«Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Темірхан ағаның соңына қалдырған мол мұрасы, адамгершілік қасиеті көптің көкейінде тағы бір мәрте жаңғырды.