Екінші халықаралық Жолдасбеков симпозиумының ашылу салтанаты

Өзгеге ұқсамайтын өмір
1 марта, 2021
Халықаралық инженерлік академияcы 2016-2020 жылдардың қорытындысын шығарды
18 марта, 2021
Өзгеге ұқсамайтын өмір
1 марта, 2021
Халықаралық инженерлік академияcы 2016-2020 жылдардың қорытындысын шығарды
18 марта, 2021

Екінші халықаралық Жолдасбеков симпозиумының ашылу салтанаты

2021 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында Қазақстандағы механизмдермен машиналар теориясы ғылыми мектебінің негізін қалаушы, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтың туғанына 90 жыл толуына орай «Болашақ механикасы» атты Екінші Халықаралық Жолдасбековсимпозиумының Пленарлық отырысы өтті.

Симпозиум ұйымдастырушылары: ҚР БҒМ ҒК академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты (бұдан әрі — ИММАШ) және Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ және «НАЗ» ЖШС қолдауымен.

Симпозиумды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚР ҰИА Президенті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы кіріспе сөзбен ашты.

Бақытжан Тұрсынұлы өз кіріспе сөзін «Бүгін, 2021 жылдың 1 наурызында ұлы ғалым-механик, профессор, білім мен ғылымның дарынды ұйымдастырушысы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков арамызда болса 90 жасқа толар еді.» — деп бастады.

Ө.А.Жолдасбеков – ҚР ҰҒА-ның академигі, ХИА және ҚР Ұлттық инженерлік Академияларының академигі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстаннның Еңбек сіңірген ғылым қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесі, механизмдер мен машиналар теориясы (ММТ) және робототехникалар жүйесі механикасының әлемдік деңгейдегі маманы болды.

Өмекең 1949 жылы Шымкент қаласындағы  Сыпатаев атындағы мектепті алтын медальмен бітірді. Қазақ орта мектебі.

Бірақ оған жаратқан өзгеге ұқсамайтын тағдыр берді.

Ол өмір майданына қорқақтамай, жалтақтамай кірді.

М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсу – талантты адамның тағдырына жазылған бақыт.

Қуанышы да, қиындығы да мол студенттік жылдар оны ерте есейтті. Табиғи дарын, білімге құмарлық, дара мінез оны оқшау көрсетті.

Ол Социалистік Еңбек Ері, СССР ғылым академиясының академигі И.И.Артоболевскийдің көзіне түсті.

Алғыр, талантты, жылдам, бұйра шашты жігіттің бойынан Иван Иванович, ғылымға, оның ішінде механикаға деген қызығушылықты таныды. «Ұстаз – сыншы» деген осы.

Өмірбек Арысланұлы Қазақстанда жоғары классты машиналар мен механизмдер теориясының ғылыми мектебін қалыптастырды.

Ал 39 жасында Қазақ мемлекеттік университетін басқаруға келді.

Он алты жыл Ұлы шаңырақ – Қазақ мемлекеттік университетін Ө.Жолдасбеков басқарған жылдарды жоғары оқу орнының қалыптасқан, атағы шыққан кезеңі болды деп білемін.

Әлемдік деңгейге сай келетін университет қалашығы бой көтерді.

Бүгінгі күні университет кампусы еліміздің бай мұрасына айналды.

Ө.А. Жолдасбековтың ұйымдастыруымен 1977 жылы ҚазМУ-дің базасында механизмдер мен машиналар теориясы бойынша Бүкілодақтық съезд, 1981 жылы Алматы қаласында теориялық және қолданбалы механика бойынша V Бүкілодақтық съезд өткізілді.

Бұл ғылыми форумға аты әлемге белгілі, атақты механик ғалымдар Седов Леонид Иванович, Ишлинский Александр Юльевич, Белоцерковский Олег Михайлович қатысты.

Осы өткізілген съездер Республикада механика ғылымының дамуына қуатты серпін берді.

Инженерлік академияны да құру оңай емес еді. Еліміздің беделді ғалымдары мен өндіріс орындарында инженерлік қызмет атқарған тәжірибелі мамандарды ұйымдастырып, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен Инженерлік академияны құрды және бірінші президенті болды.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы еліміздің ғылыми-инженерлік дамуын үйлестіріп және дамытып отырған ірі және беделді Республикалық бірлестік.

Мемлекет және қоғам қайраткері Ө.Жолдасбеков, бес рет ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1995 жылдан өмірінің соңына — 1999 жылға дейін Өмекең ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты әрі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің  және өзі құрған Еңбек партиясының Құрметті төрағасы болды.

Депутаттық қызметте жүріп білім мен ғылым саласының өзекті мәселелерін көтерді.

Өмірбек Жолдасбеков өз заманынан аса туған, жаңа формациядағы тұлға еді. Ол — жаңа ғасырдың ой-жүйесін, ғылыми мектебін қалыптастырып кетті. Барлық атқарған қызметтерінде іскерлігін көрсете білді.

Осы Симпозиуммен қатар бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де, еліміздің өңірлерінде Өмірбек Арысланұлының 90 жылдығына арналған басқа да іс-шаралар өткізілуде.

Бүгінгі «Болашақтың механикасы» атты II Халықаралық Жолдасбеков Симпозиумын ашық деп жариалаймын.

Барлық қатысушылардың заманауи механика мен робототехника, мехатроника ғылымдарының мәселелерін терең талқылап, шығармашылық табыстарға жетуіне тілектеспін!

Симпозиумға қатысушылар академик Б.Т. Жұмағұловтың кіріспе сөзін ерекше ықыласпен тыңдап, зор қолдау көрсетті.

Сонымен қатар, Симпозиумның Пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Смайылов Әлихан Асханұлы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов, Халықаралық инженерлік академиясының президенті, Социалистік Еңбек Ері Гусев Борис Владимирович (Ресей), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Жұрынов Мұрат Жұрынұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы, ҚР ЖОО ассоциациясының президенті, Тұран университетінің ректоры, ҚР ҰИА вице-президенті Алшанов Рахман Алшанұлы кіріспе сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Смайылов Әлихан Асханұлы
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов
Халықаралық инженерлік академиясының президенті, Социалистік Еңбек Ері Гусев Борис Владимирович (Ресей)

 Симпозиум бес күн бойы, осы жылдың наурыз айының 1-і мен 5-і аралығында өткізіледі. Секциялық отырыстарда  теориялық механика, сұйықтық және газ механикасы, деформацияланған дене пен материалдар механикасы, машина және роботтар механикасы, есептеу механикасы сияқты заманауи даму үрдістері талқыланады. Жас ғалымдардың құзыреттiлiгiн, академиялық ұтқырлықтарын арттыру арқылы машинатану және робототехника мәселелері, ғылыми байланыстарды кеңейту және жаңа технологиялар трансфертi мен зерттеу әдiстерi өзектi болып табылады.

Симпозиумға қатысушылар Қазақстанда робототехника саласын дамытуға, сондай-ақ модельдер, технологиялар, әдістемелер әзірлеу тәжірибелері ғылыми әлеуетті игілігі үшін пайдалануға ерекше назар аударды.

Пікірталас алаңдарында қолданбалы механика, динамика, машиналар мен роботтардың беріктігі мен сенімділігі, машиналық және роботтандырылған жүйелердің ауытқуы, машиналық оқыту және роботтандырылған жүйелерді жобалау, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар, жаңа материалдар мен наноконструкциялар механикасы, ақпараттық-ғарыштық технологиялар, инженерлік-технологиялық білім беру, студенттер ғылымының мәселелері мен перспективалары қаралатын болады.

ҚР БҒМ ҒК «Академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы механика және  машинатану институты» ұйымдастырған жас ғалымдар мен студенттердің инновациялық жобалардың республикалық конкурсының қорытындысы шығарылады.

Симпозиум аясында, жаңа ғылымды қажет ететін өнімдер мен технологияларды әзірлейтін және құрастыратын кәсіпкерлердің қатысуымен жас ғалымдар мектебі өткізіледі. Оны  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және  К.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ ұйымдастырады.  

Симпозиумда 15 елдің (АҚШ, Ресей, Франция, Жапония, Түркия, Иран, Ирак, Польша, т.б.) ғалымдары қатысуымен 120-дан астам ғылыми баяндама жасалады. Олардың қатарында әлемге әйгілі ғалымдар: Иосиф Исаакович Вульфсон  (профессор, ҚР ҰИА құрметті академигі, Ресей), Ceccarelli Marco (профессор, Италия), Halicioglu Recep (профессор, Түркия), Поддубко Сергей (Беларусь Республикасының  Біріккен машина жасау институтының бас директоры), Глазунов Виктор Аркадьевич (РҒА А.А.Благонравов атындағы машинажасау институты, Ресей), Tarek M. Sobh (профессор, Лоуренс Технологиялық университеті, АҚШ), Shinichi Nakasuka (профессор, Токио университеті, Жапония), Oday Ibraheem Abdullah (ассоц. проф., Ph.D., Бағдад университеті, Ирак), Gholamreza Rouhi, (Ph.D., Амиркабир атындағы технологиялық университет, ортопедиялық және стоматологиялық биомеханика зертханасының негізгі зерттеушісі, Тегеран, Иран) және т.б.

Пленарлық отырыстың соңында ҚР Ұлттық инженерлік академиясының Академик Өмірбек Жолдасбеков медалімен жетекші шетелдік және отандық ғалымдар марапатталды.

2021 жылы 1 наурызында Алматы қаласы, «Даму» индустриалды аймағында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде Институттың жаңа тәжірибелік-өндірістік базасы (ТӨБ) ашылды. ТӨБ аумағында ИММаш ғалымдарының машина механикасы және робототехника саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды, оның ішінде КазАтомпром, «НАЗ» ЖШС, «AtumEL» ЖШС және т.б. өндірістік серіктестердің тапсырысы бойынша орындалғандары бар. Институттың жас ғалымдары 3D-принтерлерді, сандық-бағдарламалық басқарылатын фрезерлік және лазерлік станоктарды, колледждер мен университеттердің оқу кабинеттеріне роботтар жасауға арналған Start-Up студияларын көрсетті (Lizard WorkShop жобасы).

Сондай-ақ, бұл күні «Академик Өмірбек Жолдасбеков – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан ғылымы мен білімін ұйымдастырушы» тақырыбында (сілтеме: sijs2021-exhibition.kz) академик Өмірбек Жолдасбековтың және академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының ғылыми еңбектері мен өнертабыстары тақырыбында цифрлық фотокөрме өткізілді.

Симпозиумға ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, салалық мамандықтардың студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысуда, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.