Ұстаз ұлағаты

Сенатор: Білімі жоқ ел – беделсіз, ғылымы жоқ ел – бедерсіз
18 ноября, 2020
Өзгеге ұқсамайтын өмір
1 марта, 2021
Сенатор: Білімі жоқ ел – беделсіз, ғылымы жоқ ел – бедерсіз
18 ноября, 2020
Өзгеге ұқсамайтын өмір
1 марта, 2021

Ұстаз ұлағаты

Академик Өмірбек Жолдасбековтің есімін 1976 жылдан білемін. Ол кезде Кеңес армиясы қатарында Беларуссияда әскери қызмет атқарып жүрген кезім. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде Механика және қолданбалы математика факультеті ашылып, енді сол бағытта математика мен механиканың нақты қолданбалы есептерін дамыту, сандық есептегіш машиналарды пайдалану қолға алынады деген жағымды жаңалық Өмірбек Арысланұлының есімі арқылы құлағыма жағымды жеткен еді. Осы ақпарат арманыма қанат бітірді. Армия қатарында жүріп «Квант» журналындағы физика-математика бойынша есептерді шешіп, дайындық шараларын жасап, елге оралған соң жоғарыда аталған факультетке оқуға түсіп кеттім.

Содан бері менің өмір жолым да, шығармашылық-ғылыми ізденісім де академик Өмірбек Жолдасбековпен байланысып келеді. Оның ғылым мен өмірлік ұстанымындағы қағидаларынан үлгі-өнеге алып, ізін басып келемін. Академик ағамыздың мен сияқты шә­кірттері аз емес. Өткен өмір белес­теріме көз салсам, өмір жолымның басым кезеңі академик Өмірбек Жолдасбековтің қалдырған мұрасымен астарласып жатқанын көремін. Аспирантурадан кейін ҚазМУ-дің Республикалық робототехника орталығына ғылыми қыз­­меткер болып жұмысқа тұрдым. Бұл орталықты Өмірбек Жолдасбеков Қазақстанда ең алғашқы робототехниканы дамыту үшін арнайы мемлекеттің қаулысымен ашқан болатын.

Өмірбек Жолдасбеков – еліміздегі Ұлттық инженерлік академияның негізін қалап, алғашқы жұ­мыс­тарын өз қолымен ұйымдастырып кеткен жан. Оның ісін жалғастырып, талай жыл сонда басшылық қызмет атқару мен үшін үлкен құр­мет және зор жауапкершілік болды. Бұл қоғамдық ұйым Өмірбек Арысланұлының әріптесі әрі шәкірті болған, академик Бақытжан Жұмағұловтың басшылығымен елімізге ғылыми-техникалық ғалымдар мен инженерлік мамандар дайындау ісіндегі көкейкесті мәселелерді шешуге зор үлесін қосып келеді.

Механикалық жүйеде еркіндік дәрежесі деген түсінік бар. Еркіндік дәрежесі оны зерттейтін теңдеу­лер санына, олардың күрделігіне, шешу әдістеріне тікелей байланыс­ты. Осыған орай ұстазым екеуіміздің арамызда болған бір оқиға есіме түсіп отыр. ҚазМУ-дің кезекті Ғылыми кеңесінен кейін ол кі­сімен емен-жарқын әңгімелесіп, шығарып салуды жөн көрдім. Қыс уақыты болатын. Ғимараттың шығаберісіндегі баспалдағына мұз қатып, еркін жүруге ыңғайсыз болып қалыпты. Өмірбек Арысланұлы сақтық үшін баспалдақтың жақтауынан ұстап, абайлап түсіп барады. Ол кісінің амандығына тілектес мен екінші жағынан сүйемек болып, қолынан ұстай алғаным сол еді: «Сен менің еркіндік дәрежемді бұзба! Механик үшін еркіндік еп­тіліктің кепілі!» деген кезде тосылып қалдым. Көлігіне отырып жатып: «Амандық, еркіндік қымбат шаруа!» деп тағы ойға салып кетті. Асыл жанның осы сөзінің астарынан өмірлік қағида болатын бірнеше түсінікті ұқтым.

Функционалды мүмкіндіктері жоғары, жоғарғы класты иінтірек механизмдердің (МВК) теориясын дамытқанда, академик Өмірбек Жолдасбеков осы механизмдермен манипуляторлар жасап, өндірістік робототехниканың құнын ондаған есеге түсірмекші болды. Ол кісі шә­кірттерімен бірге жазық және кеңістік МВК теориясын жан-жақты дамытты. Ғылыми тілмен айт­қанда, теорияда жоғары класты механизмдердің құрылымдық кинематикалық, динамикалық тал­дау­ларының және құрылымдық параметрлік сұрыптаудың әдістері қарастырылады. Теория механизмінің жұмыс органдары қозғалысының берілген заңдары бойынша олардың құрылымын және гео­метриялық, кинематикалық, динамикалық, инерциялық параметрін анықтауға мүмкіншілік туғызады. Кезінде РҒА академигі К.Фролов және ИФХоММ-ның Ресей Ұлттық комитетінің төрағасы профессор А.Бессонов (PFA машинатану институты) өз сараптамаларында ЖКМ-дер саласындағы нәтижелердің ipгeлi де күрделі жұмыс екенін, ал оның негізінде жасалған манипуляциялық құрыл­­ғылардың практикада аса маңызды орын алатынын атап көрсеткен болатын.

Академиктің ғылыми мұрасына сүйеніп, ол кісінің шәкірттері ортогоналды экзоскелет пен медициналық манипуляторлар мен роботтар, Нюрнберг көтергіштерінің орнықты модификациясы, иінті­рек кривошипті баспаның Стефенсон жоғары класты механизмін, жаңа робот ұстағыштарын, грейфер мен шөміш механизмдері мен манипуляторларын өндірісте қолдануға ұсынуда. Бұл механизмдер мен манипуляторларға қазақстандық және еуразиялық патенттер алынды, сонымен қатар, «Қазатомпром» ҰК, «Қазақмыс» ҰК, KARSLKRONA LC AB ЖШС, AtumEl ЖШС, «НАЗ» ЖШС, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Ресей, Қытай, АҚШ пен Қырғыз Республикасының инженерлік орталықтары және тағы басқа келісімшарттар іске асуда.

Ғылым қуған адамның мақсаты – адамзатқа қызмет ету. Елдің эко­номикасын дамытуға, адамның өмірі мен еңбегін жеңілдетуге ық­пал етуді көздейді. Академик Өмірбек  Жолдасбеков те осы қағидалармен өмір сүрген, жасампаздық жасаған жан. Ғылымның нәтижелерін өндірісте қолдану үшін нақты механизмдер мен даму институттарының қажеттілігі сөзсіз. Сондық­тан Өмірбек Арыс­ланұлы өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында ресейлік инженер-ғалымдардан қолдау тауып, Халықаралық инженерлік академияның қазақстандық филиалын ашты. Басқа елдердің осы бағыттағы тәжірибесін зерттей отырып, қазақстандық инженерлік академияның жұмысы Америкалық инженерлік одақтың (АҚШ) дәрежесіндей ұйымдастырылуын қалады. Қазақстанның егеменділігімен қатар 1991 жылы бұл қоғам­дас­тық Қазақстан инженерлік академиясы болып қалыптасты. Оның бірінші орынбасары қызметін академик Бақытжан Жұма­ғұлов атқарды.

«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деген нақыл сөз бар. Академиктің көптеген игі бастамасы әріптестерінің және шәкірттерінің арқасында жалғасын табуда. 1999 жылдан бастап академик Бақытжан Жұмағұловтың басшылығымен Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясы 500-дей ғалым мен ин­женердің басын біріктіріп, елі­міздің билік органдары санасатын беделді ғылыми-инженерлік қо­ғамға айналып отыр. Соңғы он жыл­дың ішінде Ұлттық инженерлік академия Қазақстанның Ғылым туралы заңын, ғылыми жетістіктерді коммерциализациялау заңын жасау, талдау және қабылдауға, ғылым және білім саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттарды жасауға зор үлес қосты. Инженерлік академияның барлық аймақ орталығында 16 филиалы жұмыс істейді. Солар арқылы өндірістермен тығыз байланыс орнатып, жүздеген ғылыми нәтижелерді ұсы­нып, қолданысқа енгізуде.

Бүгінде қазақстандық Ұлттық инженерлік академияның дүние­жүзілік беделі нық. Академия Халықаралық инженерлік академияның, Ислам елдерінің инженерлік федерациясының белді мүшесі. Академияның президенті Бақытжан Жұмағұлов аталған халықаралық бірлестіктердің бірінші вице-президенті.

Академик Өмірбек Жолдас­бековтің ректорлық қызметте Қазақстан жоғары оқу жүйесінің флаг­маны болып Қазақ ұлттық уни­верситетінің дамуына, оның дәстүрінің қалыптасуына жасаған еңбегін халық жақсы біледі. Осы университеттің әрі қарай өзіне тән ұлттық ерекшелікпен заманауи ба­ғытта дамуына Өмірбек Арыс­лан­ұлының көптеген үзеңгілесі мен шәкірті үлес қосты. Өмірбек Арыс­ланұлының оқу орнының дамуына сіңірген еңбегі бағаланып, есімін ұлықтау мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін Төлеген Қожамқұлов бас­қарған жылдары Студенттер са­райы­на Ө.Жолдасбеков есімі берілді. Әсіресе, 2008-2010 жылдары Бақытжан Жұмағұлов ректор қызметін атқарған кезде университеттің рухы көтеріліп, даму жолында ерекше серпін алды. Оны академик Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сияқты ағаларымыз айтып жүрді.

Өмірбек Жолдасбеков машина жасау саласында инновацияны және өндірісті ғылыммен бай­ланыс­тыра ұштастыру үшін Рес­пуб­ликалық машина жасау орталығын ашуға бастама танытты. Белгілі себептермен Орталық он жылдан соң жабылып қалды. Бірақ мұндай даму институттарының қажеттілігі әлі күнге дейін өзекті. Елбасы, Қазақстанның Тұңыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында машина жа­сауды, робототехниканы дамытуды және өндірісті автоматизация­лауды еліміздің өзекті мәселесі ретінде атай келе, даму инфрақұ­рылымдарының маңызын сөз етті. Соның ішінде цифровизация және өнеркәсіпті автоматтандыру институты бар. Осы бағытта кезінде академик Өмірбек Жолдасбеков ұйымдастырған, өзі алғашқы директоры бол­ған Механика және машинатану инс­титуты жұмыс жүргізуде.

Қазір институт өзінің страте­гия­лық ғылыми бағыттарын робототехника, өнеркәсіптегі автоматизация мен цифровизация, жаңа механизмдер мен роботтарды өндіріске енгізу мәселелерімен айналысып, академиктің бастап кеткен үлкен істерін жағастыруда. Еліміз­дің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды қолдау саясатының арқасында соңғы екі жылда институттың материалдық базасы нығайып, 100 миллионнан астам қаржыға ғылыми құрал-саймандар са­тып алынды. Мемлекеттен мақсатты-бағдарламалық қаржыландыру тұрғысынан қолдау тауып отыр. Соның арқасында институт өндіріс зауыты мен тәжірибелік лабораториясын, конструкторлық бөлімін заманауи талаптарға сәйкес дамытуға мүмкіндік алуда. Осы­лайша, аяғынан нық тұрған институт өндіріс тапсырыстарын орындауға кірісті. Академик Өмірбек Жолдасбековтің тәлім-тәр­биесін жиырма бестен аса ғылым докторы, жүз шақты ғылым кандидаттарына кеңесші және ғылыми жетекшісі көріп, ғылым жолына қанат қақты. Оның ішінде басқа елдердің ғалымдары да бар. Ресейден, Әзербайжаннан, Украинадан, Қырғыз Республикасынан, Өзбекстаннан және тағы басқа мемлекеттердің көптеген азаматы қазақтың данасын өзіне ұстаз санайды. Өмір­бек Арысланұлы өзінің ғылыми мектебінде бірлік пен адалдыққа негізделген дәстүр қалыптастырып кетті. Бүгінде ұстаз еккен еркіндік дәрежесі арқасында шәкірттері де халқына, ғылымға адал қызмет істеп жүр. Олардың әрқайсысы ұстазға деген сыйын, қадірін жо­­­ғалт­қан емес. Ұстазының мұрағатын болашаққа жеткізу үшін академик Бақытжан Жұмағұлов бас болып, шәкірттері жылда ғылыми конференция, оқулар және симпозиум және басқа шаралар өткізіп тұрады. Еліміздің ертеңгі жас ғалымдарының да өз ұстаздарына, халқымызың Өмірбек Арыс­­ланұлы сияқты ұлдарына деген қадір-құрметі таусылмасын деп тілеймін!


Амандық ТӨЛЕШОВ,
Өмірбек Жолдасбеков атындағы
Механика және машинатану институтының
бас директоры, академик

aikyn.kz