Ауыл мұғалімінен академикке дейін
31 июля, 2023Қайта жаңғырған ғылыми семинар
11 января, 2024ТҮРКІСТАНДА ЖЕТІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КОНГРЕСС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік конгресін ашып беру үшін TWMS Президенті Бақытжан Жұмағұлов алғашқы сөз тізгінін алды. Бүгін әлем математиктерінің назары – Түркістанда. Көне Түркістанның данагөй өкілі, сопылық әдебиеттің негізін салған Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде математиктердің VII Дүниежүзілік конгресі өтуінің тарихи, мәдени, рухани әрі саяси мәні жоғары. Біздің конгресс Түркі әлемі математиктері конгресі деп аталғанымен, мұнда ұлты мен дініне қарамастан әлем математиктері қатысып отыр. Олардың арасында дүниежүзінің таңдаулы математиктері, атақты лауреаттары бар, – деді.
Келесі кезекте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркі әлемі математиктерінің жетінші мәрте жүздесуіне қатысушыларды құттықтап, алқалы жиынды киелі өңірде өткізуге атсалысқан Бақытжан Тұрсынұлына алғыс білдірді. – Бүгінгі өтіп жатқан Дүниежүзілік конгресс біздің өңірде өтіп жатқаны үлкен мәртебе. Математика ғылымы – әлемге, оның ішінде түркі әлеміне әл-Фараби, әл-Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, Мырза Ұлықбек сияқты ғұлама математик-ғалымдарды берді. Олардың аса дәлдікпен ашқан ғылыми жаңалықтары осы күнге дейін адамзатқа қызмет етуде. Бұл іс-шараның сөзсіз математиктер әлеміне қосар үлесі жоғары деп білеміз. Әрі Түркістан облысы жастарының математика ғылымына деген ынтасын арттырып, қызығушылықтарын оятып, жақсы бастамаларға жетелейді деп сенеміз, – деді аймақ жетекшісі Дархан Амангелдіұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың конгреске қатысушыларға арналған құттықтау сөзін оқып берді. Мемлекет басшысы: – Математика – адамзаттың даму тарихында ерекше орны бар ғылым. Оның жетістіктері экономика, озық технология және басқа да салаларға кеңінен қолданылады. Бұл ілімнің табиғатын түсінген адамның талдау, саралау, сыни ойлау қабілеті арта түседі. Қазақстанда математиканың мықты мектебі қалыптасқан. Ғалымдарымыз өзекті мәселелер бойынша әлемге танылуда. Жас дарындарымыз көптеген халықаралық жарыстарда топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Мұның бәрі мемлекетіміздің болашағы үшін аса маңызды. Осындай алқалы жиынның түркі жұртының астанасы саналатын Түркістанда өтуі елімізде математика ғылымының дамуына тың серпін берері сөзсіз, – деп жазылған Қасым-Жомарт Кемелұлының ізгі лебізінде.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Ахмед-Заки Дархан Жұмаханұлы да құттықтау тілегін айтты. – Бұл іс-шара академиялық ғылыми дәстүрдің негізінде өтуде. Сондай-ақ, әлем математиктерінің ашқан жаңалықтары мен қанша жыл бойы қалыптастырған ғылыми мектептерінің жетістіктері негізінде болатыны анық, – деп, конгрестің маңызын саралай түсті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың құттықтау сөзін жеткізді. Университет ректоры Жанар Темірбекова да киелі топыраққа табан тіреп, түркі жастарының басын қосқан оқу ордаға жиылған математиктерді конгрестің ашылуымен құттықтады.
– Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік конгресі Түркістанда өтетіні біздің математиктеріміз үшін қуанышты жаңалық болған еді. Себебі университет құрылған уақыттан бері «Математика» кафедрасы іргелі жұмыстар атқаруда. Біздің әйгілі ғалымдарымыз Қазақстанның математика ғылымының дамуына үлес қосуда. 2020 жылдан бері қарай тек қана математика саласы бойынша сегіз ғылыми жоба атқарылды. Олардың ортақ көлемі 450 млн теңгені құрайды, – деді ол. Конгреске әлемнің 20 мемлекетінен бес жүзден астам математик ғалымдар жиналды. Пленарлық 8 баяндаманы Түркия, Әзірбайжан, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның әлемге танымал ғалымдары оқыды.
Математиканың он бағыты бойынша секцияларда және бір шағын симпозиумда қазіргі математика ғылымындағы соңғы ғылыми нәтижелер бойынша 405 баяндама ұсынылады. Математика ғылымын дамытудың және оның компьютерлік мүмкіндіктермен және өндіріспен байланысын нығайтудың маңыздылығын бәрі біледі. Осы бағытты басшылыққа ала отырып, ғалымдар математика ғылымының рөлін арттыруға ерекше назар аудармақ. Форумда орта және жоғары мектептерде ақпараттандыру мен математиканы оқытудың заманауи мәселелері қарастырылады. Түркі әлемінің математиктері көтерген өзекті мәселелерді бірлесіп шешу үшін ғылыми бағдарламалар дайындау да көзделіп отыр.
Айта кетейік, ғылыми форум Түркі әлемінің математикалық қоғамының, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің және Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Іс-шара екі күнге созылады. Конгрестің қорытынды жиынында түркі әлемінің жетекші математик ғалымдары марапатталады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің баспасөз қызметі