Ұстаз ұлағаты
20 февраля, 2021Екінші халықаралық Жолдасбеков симпозиумының ашылу салтанаты
1 марта, 2021Өзгеге ұқсамайтын өмір
Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еңбек сіңірген ғылым қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесі, механизмдер мен машиналар теориясы және робот-техникалар жүйесі механикасының әлемдік деңгейдегі маманы, бес рет Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланған Өмірбек Жолдасбековтің тұла бойы тұнып тұрған дарын еді.
Ешкімге ұқсамайтын өмірі, тайталас тағдыры бар. Тау тұлғалы, қазақтың даласындай кең пішілген, өзі өскен Қаратаудай қайыспайтын қайсар тұлға болатын. Жылдар жылжып алыстаған сайын, осындай адамдардың жоқтығы көңіліңе қылау, жүрегіңе жамау түсіреді. Өйткені кешегі Т.Рысқұлов, Б.Момышұлы, С.Зиманов, Ш.Мұртаза, Ө.Жолдасбеков сынды ұлт тұлғаларының ноқтаға басы сыймайтын тағдыры ұлтжандылықтың үлгісі болып қала береді.
Ол 1949 жылы Шымкент қаласындағы Сыпатаев атындағы қазақ орта мектебін алтын медальмен бітірді. Оған Жаратқан өзгеге ұқсамайтын тағдыр берді. Ұлт кадрларын іріктеу кезеңі оның «тар жол, тайғақ кешу» жолын айқындап берді. Ол өмір майданына қорқақтамай, жалтақтамай кірді. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсу – талантты адамның тағдырына жазылған бақыт. Қуанышы да, қиындығы да мол студенттік жылдар ерте есейтті. Табиғи дарын, білімге құмарлық, дара мінез оны оқшау көрсетті. Социалистік Еңбек Ері, КСРО Ғылым академиясының академигі И.Артоболевскийдің көзіне түсті. Иван Иванович алғыр жігіттің бойынан ғылымға, оның ішінде механикаға деген қызығушылықты таныды.
Өмірбек Арсланұлы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы болмай тұрғанда, одан алты ай бұрын ректорлық қызметінен босаған болатын. Дегенмен, жұмыстан босағанымен беделі әлі түсе қоймаған академикті жаншу, таптау саясаты жүргізілді. 1989 жыл еді. Өмекеңнің еңсесі түсіп, біреулер күндеп, біреулер қашқақтап жүретін күндер болатын. Бірге қызметтес болған, дос-іні ретінде ұстазымызға қолдау көрсету қажет деп шештім. Университеттің студент жастары арасында беделім де жоғары еді. Сондықтан белсенді жастармен кездесіп, пікір алыстым. Ө.Жолдасбековті Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидат ретінде ұсыну туралы ой тастадым. Қыз-жігіттер бұл ұсынысты қолдады. Ендігі мәселе, осы ұсынысқа келісе ме, келіспей ме? Мұның өзі бір хикая. Өмекеңе жастар сөзін жеткіздім. Ол бұған бірден қызығушылық танытқан жоқ. Жан-жағынан жала жабылып жатқан күндер ғой. Мінезін жақсы білемін, екі-үш күндей ойланып барып, хабарласатыны бар. Бұл жолы да солай болды. Телефон шалып, «кездесейік» деді.
– Бақытжан, өткен жолы айтқан әңгімеңнің негізі бар ма? Ойлансам, қажет секілді. Буынсыз жерге пышақ ұрып жүрмейміз бе? Өте алмайтын болсақ, депутаттыққа түсудің не керегі бар? Есеп-қисабыңды айтшы, – деді.
– Өмірбек Арсланұлы, университеттің бүкіл жастары сізді қолдап отыр. Кезінде сіз жастарды қолдадыңыз, студенттердің жағдайын көтердіңіз, енді олар өзіңізді қолдағысы келеді. Мен сол жастардың өтініші бойынша сізге ұсыныс жасадым ғой, – дедім.
Ойланып қалды. Содан соң «тәуекел» деді. Тоғыз кандидаттың ішінен топ жарып, академик ағамыз депутат атанды. Осындай да күндер болған. 1995 жылдан өмірінің соңына 1999 жылға дейін Парламент Мәжілісінің депутаты әрі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің және өзі құрған Еңбек партиясының құрметті төрағасы болды. Ол ғылыми атақ-даңқтан кенде емес еді. Мұның бәрі күреспен, ғылыми-педагогтік, ректорлық мектеп арқылы қалыптасты. Сондықтан да 90 жылдық торқалы тойында оның адами қырлары туралы айтқан жөн болар деп шештім.
Ө.Жолдасбековтің өмірдегі сыйлас, сырлас шәкірті, ізбасары, іні-досы ретінде менің де азаматтық көзқарасым қалыптасты. Көп нәрсені үйрендім, жүрегіме түйдім. Оған қарап ой түзеуге, бой түзеуге тырыстым. Санадағы сәуле сөнбейді. Өмекеңмен бірге қызметтес болып жүрген күндер де, 1986 жылдың желтоқсанында қатар «құлап», ұйқысыз өткен түндер де көзден кетпейді, жүректе сөйлейді.
Он алты жыл қарашаңырақ – Қазақ мемлекеттік университетін Ө.Жолдасбеков басқарған жылдарды жоғары оқу орнының қалыптасқан, атағы шыққан кезеңі болды деп білемін. ҚазМУ қалашығының салынуы соның айғағы. Кезінде ректорлар Темірбай Дарқанбаев, Асқар Закарин тұсында идея ретінде көтерілгенімен оны 0-дік циклден бастап, оқу ғимараттары мен студент жатақханаларын салу оның іскерлігі мен табандылығы арқасында жүзеге асты. Студенттер қалашығы шойын шарбақпен қоршалды. Мұндай ұлан-ғайыр жобаны жүзеге асыру үшін оған саяси қолдау да қажет еді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қабылдауына жазылып, өзіне тән дәйектерімен ҚазМУ қалашығының қажеттігін, ғылым мен руханияттағы орнын дәлелдеді. Академик-ғалым ретінде бірінші хатшы бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Осылай бүгінге дейін жалғасып келе жатқан құрылыс басталып кетті.
Ол И.Артоболевскийдің ғылыми мектебі арқылы Қазақстандағы механизмдер мен машиналар теориясы мектебін қалыптастырды. Жазық және кеңістіктік жоғары санатты механизмдер теориясының іргетасын қалады. Авторлық куәліктер және патенттермен қорғалған жүк көтергіш грейферлік механизмдер мен манипуляторлық құрылғылардың тәжірибелік және сынақтық үлгілерін жасады.
Ө.Жолдасбековтің үш қырын айтқым келеді. Бірінші, отансүйгіш, патриот адам еді. Мұны қазақ ғылымын Одаққа және әлемге таныту жолындағы жанқиярлық еңбегінен көремін. Атақты ғалым Қазақстан ғылымының орбитасынан ерте шығып кеткен еді. Мысалы, 1976 жылы ММТ саласының бүкілодақтық съезін Алматыда өткізді. Бұл үшін Д.Қонаевтың алдына барды. Атақты ұстазы И.Артоболевскийді иландыру оңай ма? Бұл әлем ғалымдары Алматыға көз тікті деген сөз. Аталған съезд Қазақстандағы машиналар мен механизмдер теориясының орныққанының дәлеліне айналды. Ал 1981 жылы КСРО Ғылым академиясының академигі А.Лаврентьев пен академик Ө.Жолдасбековтің белсенді араласуымен теориялық және қолданбалы механика саласының бүкілодақтық V съезі өтті.
Өмірдің ұмытылмас сәттері көп. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев астананы Сарыарқа төсіне көшіру туралы Жоғарғы Кеңестің ХІІІ шақырылымы депутаттарының алдында сөз сөйлеп, ұсыныс айтқан болатын. Елорданың Сарыарқа төсіне, ерке Есіл бойына қоныс аударуын қолдаған Жоғарғы Кеңес депутатының бірегейі де Ө.Жолдасбеков болды. Сол кездегі айтқан сөзін халық әлі ұмыта қойған жоқ.
– Нұрсұлтан Назарбаев – өмір көрігінен, домна көрігінен өткен ұлтымыздың ірі саяси тұлғасы. Президент ұсынысын қолдау қажет, – деген еді сол күндерде Ө.Жолдасбеков. – Қазақ жерінің қай өңірі болсын – ата қонысымыз. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмылып тірлік етейік, буынсыз жерге пышақ ұрып, алтыауыз болмайық. Көтерілген шаңыраққа әрқайсымыз алтын уық болып қадалайық. Сөйтіп ұрпақ алдындағы қарызымыз бен парызымызды адал атқарайық. Мен тәуелсіздік алған халқыма пайдам тие ме деп келдім. Мансап іздеп жүргенім жоқ, – деген салиқалы сөзін айтты.
Отаншылдық рух деген осы емес пе? Жаңа астанаға келіп депутаттық қызметін жалғастырды. Әлеуметтік саладағы көптеген заңның қабылдануына ықпал етті. «Көші-қон туралы» заң да қазақ тілінде жазылды. Заң бастамашысы депутат Ә.Ысқақ болғанымен, оны ұсынып, қолдаған Ө.Жолдасбеков еді. Сол сөзді тағы бір жүрек елегінен өткізіп көрелік. «Біздің халық не көрмеді? Кешегі аштық, қуғын-сүргін, нәубеттің бәрін басынан кешірді ғой. Осындай зобалаңның құрбаны болған халық тау асып, шетелді жағалады. Ұлтын, ұрпағын сақтап қалды. Еліміз егемендік алған кезде туған жеріне деген сағынышы, махаббаты жетектеп келген халықты қолдайық, сыртқа теппейік». Заман, уақыт бәрін реттеді. Сол заң аясында туған Отанына 1 млн-нан астам қандасымыз келіп, ел тірегіне айналды. Президент Қ.К.Тоқаев құлаққа түрпідей тиіп жүрген «оралман» деген сөзді «қандастар» деп сол кезде кеткен олқылықты түзеді.
Екінші қыры – ғылымға адалдық. «Өмір сүру – өмір бойы оқу» дейтін. Сондықтан да жоғары мектепте болсын, ғылымда болсын ғылыми ойлардың биігінде жүретін. Бірақ бос қиялдың адамы емес, іскер, идеясын жүзеге асыра алатын бірегей жан еді. «Ғылым арамдықта емес, адалдықта дамыса, мемлекет нығаяды, ел өсіп, өркендейді. Халықтың әл-ауқаты өседі» деп айтқанын талай естідік. Әдемі сұхбаттарының куәсі болдық. Ғалым ретінде жан-жақты, энциклопедист адам болатын. Заман, уақыт, ғылым мақсатын тез сезінетін. 1973 жылы университетте бір күнде үш кафедра ашты. Қандай кафедралар дейсіз ғой? Табиғат қорғау, биофизика және микробиология. Қазір осы мамандықтарға еліміз зәру болып отыр.
…1981 жылы Алматы қаласында өткен теориялық және қолданбалы механика теориясы бойынша бүкілодақтық съезге делегат болып қатыстым. Сол күндер көрінісі әлі де көз алдымда тұр. Сонда естен кетпес екі баяндама болды. Бірі – КСРО Ғылым академиясының академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атом ғылымдарының «атасы» В.Макеевтікі, екіншісі – ҰҒА академигі, теориялық және қолданбалы механика саласының ұйым-
дастырушысы Ө.Жолдасбековтің баяндамасы еді. Олар ғылыми-техникалық жетістіктерді мемлекет дамуы үшін пайдалану бағытын ұстанды. В.Макеев әскери ғылым мәселесін көтерсе, Ө.Жолдасбеков халық шаруашылығындағы ғылым рөлі туралы баяндады.
Қазақстандағы ғылыми бәсекелестік ортаны қалыптастырған да Ө.Жолдасбеков. Мына бір деректі айтқым келеді. 1992 жылы механика және машина жасау институтын құрды. ҰҒА жанынан құрылған институттың бірінші директоры да өзі еді. Ол ғылыми-зерттеу институтына талантты ғылыми-инженерлерді топтастырды. Институттың механика және машина жасау және сандық тану методы кафедрасын басқаруға техника ғылымдарының докторы Жайлау Масановты қызметке шақырды. Бұған ғылыми орта бас шайқасты. Оның себебі де бар-ды. Өйткені әр іргелі ғалымның өзіндік ғылыми мектебі болады. Ж.Масанов механика саласының тағы бір көрнекті өкілі, академик Жақан Ержановтың шәкірті болатын. «Ғылымда бәсекелестік орта болуы керек. Мәселе, екі мектептің тайталасуында емес, бұл механика ғылымының дамуы үшін керек», деген-ді сонда. Расында, сол жылдары институт қызметкерлерінің ғылыми-зерттеулері одақтық ғалымдардың назарына ілікті. Өмекеңде таза ғылым мен таза ғалымды танитын керемет қасиет бар еді. ҚазМУ-де бір физик ғалым болды. Ол докторлық диссертация қорғаудың алдында жүрген. Бірақ университеттің кейбір ғалымдары оны қорғау кезінде «құлатпақ» болады. Сондықтан үміткерге қорғауға шықпау туралы ұсыныс жасайды. Бұл сөз ректор Ө.Жолдасбековке жетеді. Сонда ол: «Ғылым жолындағы адамның жақтастары да, қарсыластары да көп болады. Өз бағынан көрсін. Ғылыми кеңеске барсын. Нәтижесін сайлау көрсетеді», деп араша түседі. Сол физик телемедицина бойынша докторлық диссертациясын абыроймен қорғап шығады.
Үшінші қасиеті – шыншылдық. 1986 жылдың желтоқсаны ұлтқа ауыр тиді. Ө.Жолдасбековтің тағдырындағы ең бір қиын кезең еді. Студент-жастардың Желтоқсан көтерілісінен кейін Орталық өш алу процесін бастады. Өз елімізде, өз жерімізде жоғары оқу орындарында жергілікті ұлттың өкілдері көбейіп кетті деп, байбалам салынды. Бұл нағыз шовинистік саясат болатын. Билік бүкіл қазақ халқын ұлтшылдар қатарына қосып, қара күйе жақты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің XVI съезінде бұл сөзді өзге емес, өз республикамыздың идеологі айтты. «Қайнайды – қаның, ашиды – жаның» деген Абай сөзі жан күйгендіктен айтылған ғой. Мәскеуде шығатын орталық газеттер отқа май құйып, өртті қаулатып жіберді. «Известия» газетінде сол жылдың 24 қаңтарында В.Шепоткиннің «Шырмауық» деген мақаласы шықты. Қазақ студенттерін айыптау жаппай жүргізілді. Ө.Жолдасбековті «қылмыскер» ретінде қамауға алу үшін күні-түні дәлел іздеп бақты. Сәуір айында университетте партия комитетінің отырысы өтті. Күн тәртібінде бір-ақ мәселе. Ол – коммунист Ө.Жолдасбековтің жеке мәселесі еді. Бірақ коммунистер оны қорғап қалды. Аяғында Алматы қалалық партия комитетінің бюросы арыстай азаматты партиядан шығарып тынды. Бірақ бұл іс Жолдасбековтің жанын жаралағынымен, сағын сындыра алған жоқ. Ол өз жауапкершілігін өзі арқалайтын. Университет ұжымын өзіне қалқан жасамады. Өзін қорғау үшін жоғарғы жаққа хат жазғызған жоқ. Бұқпантайлап өмір сүргісі келмейтін. Өзінің батыр, азаматтық тұлғасына сай болды. Өзі де билікке жарамсақтанған жоқ. Парасат майданында адами қасиетімен таныла білді. Үнемі жақсылық жасайтын қайраткер еді. Біраз адамды қорғады, қолдады, жоғары лауазымды қызметтерге қойды.
Мәскеуден Бас прокуратура және басқа да тергеу орындарынан көптеген тергеуші келіп, Ө.Жолдасбековті сотқа тарту үшін дәлел іздеді, көп жала жабылды. «Польшадан әкелген 200 мың сомның жиһазы жоқ екен» деп жерден жеті қоян тапқандай қуанды. Ал Ө.Жолдасбеков болса 200 мың сомға жиһаз алынғанын, бірақ оның бәрі декандар мен кафедра меңгерушілерінің кабинетінде тұрғанын айтты. Тексерушілердің аузына құм құйылды. Билік бәрібір қатыгездік танытты. Оны ұстаздық қызметтен қуды. Ақыры жаланы шындық жеңді. Ол Қазақстанда Ұлттық инженерлік академияны құрды. Өзі академияның бірінші президенті болды. Оны қалыптастырды, іргесін қатайтты. Өмекең құрған академия бүгін де абыроймен жұмыс істеп тұр. Оның құрамында ғылыми-техникалық прогресті дамытып жүрген ұлтымыздың атақты ғалымдары бар. Ұлттық инженерлік академия Қазақстандағы ірі, беделді және іргелі ғылыми-инженерлік ойды үйлестіруші бірлестікке айналып отыр.
Ө.Жолдасбеков өз заманынан оза туған жаңа формациядағы тұлға еді. Жаңа ғасырдың ой-жүйесін, ғылыми мектебін қалыптастырды. Ол бір ауыз сөзбен өмірлік философиясын жеткізген адам: «Айналайындар, менің қастасуға уақытым жоқ, мен дос іздеп жүрген адаммын…».
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Сенат депутаты,
ҰҒА академигі,
Ұлттық инженерлік академиясының президенті