Жібек жолын жаңғырту қадамы
20 июля, 2018Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан
9 октября, 2018ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ
«Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен Мемлекет басшысы ұсынған бастамалардағы ерекше назар аударарлық үшінші бастама – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселелері қарастырылды.
Талқылау Сенат депутаты, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Жұмағұловтың басшылығымен өтті. Жиын барысында көптеген маңызды мәселелерге баса назар аударылып, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бүгінгі жай-күйі жанжақты талқыланды. Әсіресе, қажетті құжаттарды дер мезгілінде даярлау, әрбір жоғары оқу орындарында құрылыс салу мақсатында инвесторлар іздеу, іске асыру тетіктері және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үшінші бағытының орындалуындағы кемшін тұстар қаралды.
Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жастар білім алуда. Олардың 30 пайызы мемлекет тарапынан бөлінген қаражат есебінен оқып жүр. Жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін Мемлекет басшысы үшінші бастама аясында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша биылғы оқу жылында 20 мың грант бөлу керегін баса айтты. Олардың 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды оқытуға арналған. Бұл Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жаңа экономикада талап етілетін мыңдаған қажетті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Елбасы «Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек.
Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орынды жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді» деді.
Алғашқы болып сөз алған Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова еліміздегі, оның ішінде Алматыдағы студенттердің тұрмыстық жағдайына терең тоқталды. Шын мәнінде, Алматы – студенттер қаласы. Тіпті биыл олардың қатары еселеп арта түсті. Өкінішке қарай Алатау етегіндегі алып шаһарда өзгеріс аз болып тұр. Ендеше, Елбасы қойған міндеттерді жедел шешудің барлық амалын қарастыру керек.
Вице-министрдің айтуынша, қаладағы жоғары оқу орындарының өз проблемалары бар. Мәселен, жер телімдерінің аздығы ойға қалдырады. Одан қала берсе қаржылық құжаттардың да тез арада шешілуі қиындық тудыратын көрінеді. Осыған байланысты Сенат депутаты, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Жұмағұлов пен Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова білім ордалары басшыларының ой-пікірін тыңдады. Кездесу қорытындысы бойынша аймақтық деңгейде Алматы қаласының әкімдігінде студенттік жатақханаларды салуда үшінші бағытты тиімді іске асыру мақсатында, оның ішінде жер телімдерін бөлу және құрылысқа қажет техникалық жағдай жасау бойынша жауапты адамдар бекітілді.
Жолдасбек ДУАНАБАЙ