ОЛЖАС ТУРАЛЫ ОЙ

Невосполнимая утрата для геологической отрасли нашей страны
12 мая, 2021
Победители Республиканского конкурса «Лучший инженер 2020 года»
26 мая, 2021
Невосполнимая утрата для геологической отрасли нашей страны
12 мая, 2021
Победители Республиканского конкурса «Лучший инженер 2020 года»
26 мая, 2021

ОЛЖАС ТУРАЛЫ ОЙ

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА академигі Бақытжан Жұмағұловтың көрнекті ақын, аудармашы, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, әлемге танымал әдебиетші, лингвист-зерттеуші, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына арналған «Олжас Сүлейменов және таза планета» атты онлайн халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясындағы құттықтау сөзі

Қадірлі зиялы қауым!

Олжас туралы ой айту оңай емес.

Өйткені Олжас Омарұлы Сүлейменов қазақ әдебиетінің шеңберінен шығып, әлемдік әдебиеттің, жаһандық поэзияның символына айналған ренессанстық тұлға.

Олжекең өткен ғасырдың 60-шы жылдары хрушевтық жылымық кезеңдегі — кемелденген ақын. Ол ақындықпен бірге сөз мәйегін ашқан, сөз -геологы.

Мамандығы геолог бола тұрып, ол жер қазынасын іздемеді, сөз қазынансын терді. Осылай әдебиет әлемінде жарқ етіп көрінді.

Сүлейменов Олжас Омарұлы өткен ғасырдағы Роберт Рождественский, Андрей Вознесенский, Евгений Евтушенко, Сергей Довлатов, Римма Казакова сынды ақындардың замандасы ғана емес, сырластары да болды.

Олжас Омарұлының алғашқы өлеңдері 1959 жылы «Литературная газетада» жарияланды. Алғашқы кітабы «Арғымақтар» деп аталды. 1961 жылы жарияланған бұл кітапта ұлттың рухы, даланың ұлы қасиеті көрінді. Осыдан-ақ қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, сөз құдіреті бар, білім мен интеллект араласқан жаңа поэзия лебі келіп еді.

Олжекеңді көп басылымдарда Қазақстан ақыны деп жазады. Бұл жалпы мағынасында тура да шығар. Бірақ, мен оны қазақ поэзиясын ғарышқа шығарған қазақ ақыны деп білемін.

Ол «Тауларды аласартпай, даланы асқақтату» концепциясын ұсынған  бірегей сөз шебері. Ұлы Абай айтқандай «Сөз өнері дертпен тең» деген ұстанымды биікке көтерді.

«Адамға табын жер енді» поэмасы жердің тартылыс күшін жеңген Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқан сәтін әлемге танытты. Бұл поэманы Олжас Сүлейменов Кеңестер Одағының Орталық теледидарынан жатқа оқыды. Гагариннің атағы жер шарын қалай шарлап кетсе, Олжас Сүлейменовтің осы поэмасы да әлемдік орбитаға тез тарады.

Адамзаттың  ұлттық кодын танытатын тұлғалар бар. Қазақ халқының ұлттық кодын да алғаш рет ғылыми айналымға қосқан да Олжас Сүлейменов.

1975 жылы Олжас Омарұлы өзінің атақты «Аз и Я» атты кітабын жариялады. Бұл — санаға түскен найзағай еді. Мұндай батыл қадам мәскеулік зиялы қауымды селт еткізіп қана қоймай, үрей де әкелді. Олардың ойы бойынша, кешегі дала көшпенділері халқының өкілі мызғымас ой жүйені талқандауы мүмкін бе? Бүкіл кеңестік жүйе идеологиясы Олжас Омарұлына қарсы жұмыс істеді.

«Игорь туралы жыр» ешбір талқылауға түспейтін орыс халқының әдеби ескерткіші болатын.

Ал Олжас Омарұлы болса, бұл жырдың түркі тектес әдебиетке де қатысы бар екенін дәлелдеді. Бұл жырдан Олжас Омарұлы көшпенділер мәдениетінің ізін кеседі. Сондай-ақ, шумерлер тарихынан қазақ халқының сілемдерін көреді.

Мұндай әрекет санадағы  Жанартау жарылысымен (извержение вулкана) пара-пар болатын. Бұл құдалау 8 жылға дейін жалғасты.

Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1-ші хатшысы, КПСС Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі Дінмұхаммед Қонаевтың тікелей араласуымен Олжас Сүлейменов қамаудан аман қалды.

Олжекең әдебиетке қайта оралды.

Олжас Сүлейменов — мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. М.Горбачевтың «Қайта құру» кезеңінде «Невада – Семей»  халық қозғалысын құрды. Кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өз Жарлығымен осы полигонды жапты.

Олжас Омарұлы Республика Парламенті мінберінен депутат ретінде ұлт сөзін сөйледі. Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық қызметін абыроймен атқарды.

Сөз маржанын теру — еріккеннің ермегі емес. Олжас Омарұлы мұны жақсы біледі. Сондықтан «Мың бір сөз» кітабын жариялады. Сөз этимологиясына тереңдеп бару арқылы ол тағы да көшпенділер тарихының құпиясын ашуға үніледі. Осылай «Код слова» кітабы жарық көрді.

Қазақ халқының шығу тегін айқындау үшін Олжекең таңбаларды сөйлетеді. Оған өзінің дәйекті дәлелін келтіреді.

Қадірлі зиялы қауым!

Олжекең қазір де әлемдік мәдениеттер тоғысуын зерттеп жүр. Ойы озық, білімі терең Олжас Сүлейменов ұлт үшін, ұлттық құндылықтар үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Ғұмырыңыз ұзақ болғай, аса ардақты Олжас Омарұлы!